Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында қоғамдық және жол қауіпсіздігінің өзекті мәселелері бойынша брифинг өтті

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы қоғамдық және жол қауіпсіздігінің өзекті мәселелері бойынша брифинг өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

13 тамызда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Амитов Шамшидин Егенбердіұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.

Биылғы жылдың жеті  айында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық 37 пайызға (3798-ден 2403-ке) төмендеді. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда (-35,7%), көшелерде (-28,7%), топпен (-32,9%), мас күйінде (-20,9%), бұрын сотты болғандармен (-29,2%), жасы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар азайды (-21,1%).  Дегенмен де назар аударатын бірқатар мәселелер бар.

Бүгінгі таңда барлығымызды алаңдатып отырған жол-көлік оқиғалары. Қабылданған шаралар нәтижесінде облыста тіркелген жол апаттары 37 (350-ден 221-ге), қайтыс болғандар 39 (72-ден 44-ке), жарақат алғандар 36 пайызға төмендеді (410-нан 262-ге).  Талдау көрсеткендей, көлік оқиғаларының басты себебі жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, автокөлікті мас күйде басқару болуда.

Жыл басынан жол қозғалысын бұзудың 64 мың 797 дерегі, оның ішінде жол апаттарына тікелей әсер ететін автокөлікті құжатсыз басқарудың 5 441, автокөлікті мас күйде басқарудың 946, қарсы бағытқа шығудың 174 дерегі анықталды.

Осыған орай айта кететін мәселе, жыл басынан автокөлікті мас күйде басқарған 946 жүргізуші ұсталып, оның 413-і әкімшілік қамауға алынды.  Дегенмен, бұл жағдайлар әлі де тыйылар емес.
Жыл басынан орын алған 221 жол-көлік оқиғасының 18-і мас жүргізушінің кінәсінен болып, нәтижесінде жеті адам қайтыс болса, 23 адам жарақат алған.  Біздің тарапымыздан жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттардың алдын алу мақсатында жүйелі түрде профилактикалық шаралар жүргізілуде.

Осы мақсатта тамыз айының 10 мен 16-сы күндері аралығында «Мас жүргізуші – қылмыскер» атты шара өткізудеміз.  Бұл шараның үш күнінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 765 дерегі және көлік құралын масаң күйде басқарудың 14 дерегі әшкереленді.

Тұрғындардың түнгі тыныштығын сақтау мақсатында, Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес облыс көлемінде тамыз айының 5 мен 8 күндері аралығында «Мотоцикл» шарасы өткізілді.
Нәтижесінде 224 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, оның ішінде мас күйде мотоцикл басқарудың алты дерегі анықталып, 51 мотоцикл айып тұрағына қойылды.  Осыған орай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілерді жол қозғалыс ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.

Тағы бір өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық.
Жыл басынан облыс көлемінде 30 кәмелетке толмағандармен 45 қылмыс жасалса, оның екеуі аса ауыр (адам өлтіру) санаттағы қылмыстар болып, 5 жасөспірім қамауға алынды.
Жыл басынан кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын жайдан тыс жерде жүрген (442-бап,) 1 мың 674 бала анықталып олардың ата-аналарына әкімшілік шаралар көрілді.
Одан бөлек, өз бетімен жүрген 10 жасқа дейінгі 164 бала ата-аналарына табысталды.

Жылдың басынан отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар +30 пайызға (10-нан 13-ке) артса, бұл қылмыстардың басым бөлігі (7 қылмыс) облыс орталығында орын алған.
Осыған орай, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың алдын алу бағытында облыс көлемінде «Құқық тәртібі» шарасы өткізілді.

Шара барысында 1 мың 763 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, профилактикалық есепте тұрған 809 адам тексерілді.

Отбасы жанжалы мәселелері бойынша тұрғындар Полиция департаментінің «102» арнасына немесе 26-28-90 телефон нөміріне хабарласуға болатындығын жеткіземін.

Қазіргі уақытта Армения Республикасынан әкелінген автокөліктерді тіркеу науқаны жүргізілуде.
Бүгінгі таңда облыс аумағына 436 көлік әкелініп, оның 198-і уақытша тіркеуге алынды.
Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде аяқталатынын ескеріп, тұрғындардан көліктерін осы мерзімге дейін тіркеуге шақырамыз.

Бұл көлік құралдарын тіркеу мәселесі бойынша Полиция департаментінің 29-77-44, 29-77-80 телефон номерлеріне хабарласуға болады. Қабылданған карантиндік шектеулерге қарамастан әлі де болса ұжымдық, отбасылық көпшілік жиналатын шараларды өткізу тоқтамай тұр. Бүгінгі күні карантин ережелерін бұзудың 289 дерегі анықталды.

Назар аударатын күрделі мәселе – карантин уақытында суға шомылу.
Бүгінгі күнге суға кетудің 30 дерегі тіркелсе, оның 11-і кәмелетке толмағандар.
Сондықтан, тұрғындардан суға түспеуге, су жағалауларында ішімдік ішпеуге және балаларды қараусыз қалдырмауын сұраймыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру