СҚО полицейлері 2 мың бетперде таратты
СҚО полицейлері «Есірткіге жол жоқ» логотипімен студенттерге, көп балалы отбасыларға екі мың бетперде таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері акцияны өткізу үшін еріктілермен бірлесе отыра, «Есірткіге жол жоқ» логотипі бар бетперделер дайындады. Оларды халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына: қарт адамдарға, көп балалы отбасыларға, студенттерге таратты. Қарттар мен көпбалалыларға материалдық көмек түріндегі пакеттер берілді. 2018 жылдан бері қала әкімдігінің жастар ресурстық орталығының мүшесі болып келген Самат Бакин, полицейлердің бүгінде сұранысқа ие вирусқа қарсы бетперде сияқты аксессуарға логотип жапсырып таратуды табылған ақыл деп санайды.
– Бетперде инфекциядан қорғану ғана емес, сонымен бірге салауатты өмір салтын ұстануға шақырады, дейді ол. – Есірткі – біздің заманымыздың басты қауіптерінің бірі. Сондықтан біз қоғамды қорғау және көркейту жұмысында жүрген тәртіп сақшыларын қолдауға тырысамыз.
Бетперделер таратылғаннан кейін, еріктілер полицейлермен бірлесіп, Черемушки ауданында рейд өткізді, онда олар үйлер мен гараждардың қабырғаларында есірткі саудасымен айналысатындардың веб-ресурстарын жарнамалайтын 60-тан астам граффити анықтап, жойды.
– Жеті айдың ішінде полицейлер мен облыстың қамқор тұрғындарының бірлескен күшімен 257 есірткі граффитиі жойылды, – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. – Бұл ретте, жыл басында есірткіні жарнамалаушыларға қылмыстық жауапкершілік көзделгеннен бері олардың саны күрт төмендеді, өйткені, енді олар алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осыған қарамастан проблема шешілер емес, біз өз әрекетімізбен қоғамның назарын аударып, есірткі сияқты апат отбасыларға күтпеген жерден келуі мүмкін екендігін еске салғымыз келді. Біз бетперделердің көпшілігін жастарға – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің және Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің бірінші курс студенттеріне тараттық. Бұл есірткі сатушыларының арбауына түсіп қалатын ең осал топқа жататындар болып табылады. Есірткіден ең жақсы қорғаныс – хабардар болу, сондықтан болашақта есірткіге қарсы сипаттағы түрлі үгіт-насихат, ақпараттандыратын іс-шараларды қызметкерлер бұдан былай да өткізеді.
Барлығы акция барысында полицейлер мен еріктілер екі мың бетперде таратты.