Өзгенің мүлкін талан-таражға салған күдіктілер ұсталды
Түркістан облысының полицейлері өзгенің мүлкін талан-таражға салған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның есепшотына мемлекет тарапынан өткен жылдың желтоқсан айында 350 мың теңге жәрдемақы түскен. Алайда ол аталған көмек ақшаның түскенін білмеген және осы күнге дейін алмағанын айтып шағым түсірген. Полицейлерден ақшасын заңсыз шешіп алған күдіктіні тауып беруін сұраған.
Істің толық мән-жайын анықтау мақсатында аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысты күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын, бала күтіміне байланысты демалыста жүрген пошта қызметкері болып шықты.
Тергеу барысында күдікті пошта бөлімшесінің қызметкері болғандығын пайдаланып, тұрғынның ақшасын өзі қол қойып, шешіп алғаны айқындалды.
Осылайша өзінің қызметін асыра пайдаланып, жалған құжаттармен, өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін иемденген күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бас шарасы қолхатпен босатылды.
Сонымен қатар, Бәйдібек ауданында да сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету қылмысының беті ашылды. Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек АПБ-не Төлеби ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер арызданады. Ол өз арызында Бәйдібек ауданында орналасқан мекемесінен 50 дана арматура, екі дана ағаш ламинат, төрт дана су сақтауға арналған 250 литрлік бөшкесі жоғалғанын хабарлайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабына (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) сәйкес тіркеліп, аудандық полиция басқармасының жеке құрамы мен қызметкерлері шұғыл іздестіруге жұмылдырылды.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Бәйдібек АПБ-ның полицейлері күдіктіні ұстады. Ұсталған азамат осы мекемеде жұмыс істейтін, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында күдікті өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, бірнеше тұрғынға 70 мың теңгеге сатып жібергені белгілі болды. Полицейлер ұрланған заттарды тауып, заңды егесіне қайтарды. Күдіктінің бас шарасы қолхатпен босатылды. Тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.