Дүкенді ойыншық тапаншамен тонаған қызылордалық қамаққа алынды
Қызылордалық полицейлер «ізін суытпай» ойыншық тапаншамен қорқытқан тонаушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қыркүйек күні кешкі сағат 19:00-де Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 42 жастағы тұрғынынан хабарлама түсті.
Полицияға хабарлама берген азаматша қаладағы азық-түлік дүкендерінің бірінде сатушы болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, сол күні дүкенге белгісіз жігіт кіріп, шалбарының артқы қалтасынан «тапаншаға» ұқсас зат алып, оны қорқытқан. Артынша бұл күдікті азамат дүкеннен арақ, шарап және сусын алып кеткен. Қорқып қалған әйел тез арада «102» пультіне қоңырау шалады.
Сол арада полицияға тағы да бір хабарлама түседі. 36 жастағы қала тұрғыны кешкі сағат 20:00-де белгісіз азаматтың азық-түлік дүкеніне кіріп, қорқытып, ақшасын тартып алғысы келгендігі туралы хабарлама берген. Азаматшаның айтуы бойынша, ол өзінің жеке куәлігін беріп, сатушы әйелден 5000 теңге ақша талап етеді. Қалтасынан ойыншық тапаншаны алған белгісіз азамат ақша беруден бас тартқан әйелден кассадағы барлық ақшаны беруін талап етеді.
Бірақ әйел қорықпай, кассаны кілтпен жауып, ер азаматқа бейнебақылау камерасы бар екенін көрсетіп, оның барлық әрекеттері жазылғандығын және күйеуі магазин ішінде екендігін айтқан. Мұны естіген күдікті дереу қашып кетеді.
Хабарлама бойынша оқиға орнына жедел-тергеу тобы тез арада жетіп, жәбірленушілерден тонаушының бет-әлпетінің сипаттамасын алып, полиция экипаждарына бағыт-бағдар береді.
Бірнеше сағат ішінде патрульдік полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бұрын сотталған 26 жастағы жұмыссыз азамат ұсталды. Одан айғақты заттар тәркіленді. Олардың ішінде ойыншық «тапанша» да бар.
Тексеру барысында күдікті азаматтың екі тонау дерегіне қатысы бар екені анықталды.
Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен (Жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану қатерін төндіріп жасаған тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.