Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан қаласының полицейлері танысының автокөлігін ұрлаған күдіктіні ұстады

Түркістан қаласының полицейлері танысының автокөлігін ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қалалық ПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, өзінің танысы сағат 16.00-де шамасында «ВАЗ» автокөлігін ұрлап, белгісіз бағытқа қашып кеткенін жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену) бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Өзгенің көлігін автотұрақтан айдап әкету туралы хабарлама алғаннан кейін барлық полиция жасақтары күдіктіні іздеуге бағытталды. Заңсыз әрекет жасаған ер адамды ұстау мақсатында тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен көшелерді мұқият қарап шықты. Ұрланған автокөліктің баруы мүмкін мүмкін аймақтардың бейнебақылау камералары тексерілді.

Түркістан қалалық ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде үш тәулік ішінде күдіктіні Қызылорда қаласынан ұстады. Ұсталған азаматты полиция қызметкерлері Түркістан қалалық полиция басқармасына жеткізді. Ол көрші облыстың тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында жігіттің ұрлық болған жерде құрылыс алаңында жұмыс істегені анықталды. Ол жұмыстағы жатын орнынан қасындағы жұмысшылардың құнды заттарын ұрлап, содан кейін жәбірленушінің автокөлігін тұрақтан ұрлап, көрші облысқа кетті. Сондай-ақ, көлік ұрлаушы алаяқтыққа қатысы бар болып шықты. Яғни ол алдын тұрған жалдамалы пәтер иесінің ұялы телефонын алдап алып кеткен. Содан кейін ұрланған заттар мен көлікті сатып, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.

Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайларын және ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне сақ болуды және көліктерін қараусыз қалдырмауды ұсынады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше автокөліктерді күзетілетін тұраққа қою және «темір тұлпарларды» күзет дабылымен жабдықтау қажет. Автокөлік ұрланған немесе ұрланған жағдайда тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру