Велосипед ұрлаған екі әйел бейнекамераға түсіп қалған
Қарағандының тәртіп сақшылары велосипед ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі әйелді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қыркүйек күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне 32 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу көп қабатты үйдің кіреберісінен 50 мың теңгенің велосипедін ұрлап кеткенін айтып арызданған.
Оқиға орнында жұмыс істеген полицейлер қылмыс болған жерге қарсы тұрған үйден бейнебақылау камерасын көрген. Камераның жазбаларын тексеру кезінде велосипед ұрланған үйге екі әйел кіріп, кейін велосипедті алып шығып бара жатқаны көзге түскен.
Криминалдық полиция бөлімшесі қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында 34 және 38 жастағы әйелдерұсталды. Ұрланған зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.