Камералар полиция жұмысының ашықтығына ықпал етуде
Петропавлдағы автопатрульдер мен учаскелік полиция пункттеріндегі камералар полиция жұмысының ашықтығына ықпал етуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, адамдардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау – бұл мақсат полиция қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыруға енгізіліп жатқан заманауи тәсілдердің негізін қалайды.
– Соның бірі – полиция мен тұрғындар арасындағы ашық диалогқа септігін тигізетін бейнебақылау жүйесін кеңейту болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында күш құрылымдарының бөліністерінде осындай ресурстарды кеңейтуге баса назар аударды. Бүгінде цифрландыру міндеті біздің ведомствода ерекше бақылауда, – деді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Петропавлдағы барлық 13 учаскелік полиция пунктінде камералар орнатылған, олардың көмегімен осы бөлімшелердегі жағдайды Жедел басқару орталығынан «бақылауға» болады. Сондай-ақ, видеоны қалалық полиция басшылығы да көре алады. Полиция бөліністерінің барлық әкімшілік ғимараттарында камералар орнатылған. Бүгін де 14 патрульдік автокөлікке орнатылған стационарлық бейнебақылау жүйесі де полицияның ашықтығына ықпал етеді. Көп ұзамай барлық автопатрульдерде машинаның ішіндегі сөйлесулерді жазатын құрылғыларды орнату жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері көшелерде, қиылыстарда және алаңдарда орнатылған Петропавл қаласы ПБ Жедел басқару орталығының бейнекамераларын пайдалану арқылы 12 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуға ықпал ететін 122 факт анықталды. Аулалар мен кіреберістердегі камералар – таптырмас көмекші болып отыр.
Петропавлда олардың саны екі мыңнан асады. Бұл техникалық құралдар тек заң бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сонымен бірге тұрғындарды тәртіпке шақыруға да септігін тигізуде.
Сондай-ақ, бүгінде білім беру нысандарын Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Петропавл қ. ПБ ЖБО-ға 25 білім беру объектілерінің бейнебақылау камералары қосылған. Жыл соңына дейін барлық қалалық мектептерді Жедел басқару орталығына қосу жоспарлануда.