Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО жолдарында үш күнде 33 мас жүргізуші анықталды

СҚО жолдарында үш күнде 33 мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстікқазақстандық полицейлер үш күннің ішінде масаң күйде көлік құралын басқарудың 33 фактісін анықтады. Облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы 22-24 қыркүйек аралығында еліміздің жолдарында өткізілген «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады.

Жамбыл ауданының орталығы Пресновкада кешкі рейд барысында учаскелік полиция инспекторлары «LADA Priora» автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде 53 жастағы жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғаны анықталды (бейнежазба: https://yadi.sk/i/WnGDT3zjkTkq0g ). Бұл жағдайды медициналық куәландыру қорытындысы да дәлелдеп берді. Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді. Баптың санкциясына сәйкес жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, «Қауіпсіз жол» іс-шарасының басты мақсаты – ауыр салдарымен жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін Жол жүрісі ережелерін өрескел бұзудың алдын алу. Үш күндік жедел-профилактикалық іс-шараға 400 полицей қатысты. 143 автопатруль жұмылдырылып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға бекеттер қойылды. Нәтижесінде облыс бойынша Жол жүрісі ережелерінің 1599 түрлі бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде, 33 – көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару, 162 – жылдамдықты асыру, 145 – көлікті басқару кезінде телефонмен сөйлесу, 189 – қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ 220-сы – жаяу жүргіншілер тарапынан болған бұзушылықтар.

Жыл басынан облыс жолдарында 700-ге жуық мас жүргізуші ұсталды. Жол жүрісі қағидаларының 30 мыңнан астам бұзушылығы анықталды. Жергілікті полиция қызметі басқармасы жедел-профилактикалық іс-шаралардың өткізілуне қарамастан, мас жүргізушілер мен көлікпен зуылдауды ұнататындарды анықтау бойынша ұдайы, әсіресе демалыс күндері кешкілік тексерістер жүргізілетінін атап өтті.

Сегіз айда СҚО жолдарында 110 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның нәтижесінде 17 адам қайтыс болып, 150-і жарақат алған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру