Алматы облысының полицейлері алғысқа бөленді
Алматы облысында ауыл әкімі полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қазанда Түрген ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері таулы жерде орналасқан учаскеде санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізген.
– Сағат 11.00 шамасында әкімдікке қызметкерлердің біреуінің ауырып, есінен танып қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына шақырылған Еңбекшіқазақ ауданының учаскелік полиция инспекторлары ер адамның эпилепсия ұстамасы бар екенін анықтап, оған қажетті алғашқы көмек көрсеткен. Осы уақытта әкімдіктің жауапты өкілі жолға шығып, патрульдік полиция экипажын кездестірген. Экипаж болған жағдай туралы біліп, ауырып тұрған адамды дереу жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізген. Сонымен қатар жолда ұстамасы қайта ұстаған науқасқа көмек те көрсеткен, – деп хабарлады Алматы облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Ораз Жолдасов.
Түрген ауылдық округінің әкімі Е. Карибаев Алматы облысы ЖПҚ ППБ қызметінің инспекторлары Қ.Теңізбаевқа, Б.Тасановқа, аға учаскелік полиция инспекторы А.Жақыпбековке, Еңбекшіқазақ АПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторлары Е.Даутбековке, А.Алимге алғысын білдіріп, ІІМ-нің барлық қызметкерлеріне құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қызметтеріне табыс тіледі.
– Әкімнің Алматы облысының ПД бастығы С.М. Кудебаевтың атына қарамағындағы қызметкерлерді лайықты тәрбиелегені үшін алғыс хат жазғаны біз үшін мақтаныш. Қазір таңда аталған полиция қызметкерлері көтермелеуге ұсынылды, – деп толықтырды Ораз Жолдасов.