Қызылордада адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Тас жолда жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған көлік жүргізушісі ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 қазан күні «Шымкент-Самара» тас жолындағы Тартоғай ауылының тұсында жолды кесіп өтпекші болған 48 жастағы ауыл тұрғынын Шымкент қаласына қарай кетіп бара жатқан белгісіз автокөлік қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан азаматша түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Бұл факт бойынша патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жүргiзген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Бәйгеқұм елді мекенінің тұсында жүк тасымалдайтын «Газель» автокөлігіне «Мерседес» автокөлігін тиеп кетпекші болған жүргізуші ұсталды.
Тексеру барысында жол-көлік оқиғасы орын алған жерден бой тасалаған жүргізушінің Түркістан облысы Қазығұрт ауылының 24 жастағы тұрғыны екені анықталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.