Қоршауды зақымдаған мас жүргізуші жауапқа тартылуда
СҚО-да өткен демалыс күндері мас жүргізушілердің кінәсынан екі жол-көлік оқиғасы болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақжар ауданында «Priora» автокөлігінің жүргізушісі Горьковское селосында қоршауларды зақымдап, металл аркаға соғылған. Медициналық куәландыру көрсеткендей 42 жастағы ауыл тұрғыны масаң күйде болған.
Бұл осымен бір жылдың ішінде үшінші рет полицияға масаң күйде ұсталып отыр. Ақпан айында ол көлікті мас күйде басқарғаны үшін жүргізу құқығынан жеті жылға айырылған және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған, алайда бұл оған сабақ болмаған. Шілде айында осыған ұқсас құқық бұзушылық жасағаны үшін ол сот үкімі бойынша қоғамдық жұмыстарға тартылған және өмір бойына жүргізу құқығынан айырылған. Бүгінгі күні жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Аққайың ауданында жүргізушінің масаң күйде көлік басқарудың соңы ауыр жағдайға әкелді. Қиялы селосының 25 жастағы тұрғыны мас күйде рөлге отырып, Астраханка селосының маңында көлік тізгініне ие бола алмай аударылған. ЖКО нәтижесінде «Mercedes» автокөлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға емделуге жатқызылды.
– Масаң күйде рөлге отырған жүргізуші өз өміріне ғана емес, өзгелердің өміріне де қауіп төндіреді. Өткен жылдарға осындай оқиғалармен байланысты келтірілген статистика жазаны қатаңдатуға ықпалын тигізді. Биыл заңнамадағы өзгерістерге сәйкес масаң күйде көлік басқарғаны үшін жаза күшейтіле түсті. Бұл шара азаматтардың сана-сезімін нығайтуға бағытталды, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
СҚО жолдарында жыл басынан 851 мас жүргізуші ұсталды.