Иесіз жылқылар жол-көлік оқиғасының жасалуына себепші болды
СҚО полицейлері бір түнде екі ЖКО жасалуына себепші болған жылқылардың иесін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданында бір түн ішінде жылқы үйірі жол үстіне шығып кетіп, екі жол-көлік оқиғасының жасалуына себепші болған. Бірінші қараша күні Шал ақын ауданының 54 жастағы тұрғыны «Lada Largus» автокөлігінде жұбайы және туысымен Петропавл қаласынан үйіне қайтып келе жатқан. 22 сағат шамасында Бірлік ауылы маңындағы Жезқазған-Петропавл тас жолында автокөлік алдына бір табын жылқы шыққан. Соқтығыспау мүмкін болмады. Адамдар дін аман, соққы алған жануар өліп қалды. Автокөлікке зақым келгенімен, жүргізуші сапарын жалғастырды. Полицейлер табын жылқыны іздеуге кірісіп кеткен кезде, бірінші оқиға болған жерден жақын маңда екінші ЖКО орын алды. 32 жастағы петропавлдық сол жолдың бойында «Lada Priora» автокөлігімен Ғ. Мүсірепов ауданының Новоишимское ауылына қарай жүріп келе жатқанда жылқыны соғып кеткен. Жүргізуші мен 29 жастағы жолаушы зардап шеккен жоқ, жануар қашып кеткен, көлікке механикалық зақым келді.
Қазіргі кезде тәртіп сақшыларымен бос жүрген малдың иелері анықталды. Мал иелері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылады.
– Бұл жыл басынан қаңғыбас малдардың қатысуымен орын алған төртінші жағдай, – дейді Есіл ауданының ПБ бастығы Ерлік Есләмбеков. – Мал иелерінің жауапсыздығы адамдардың жарақат алуына, тіпті адам өліміне әкеліп соғатынын жақсы түсінуі қажет. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен еркін жайылымдар фактісіне жол бермеу бойынша іс-шаралар жүргізіліп тұрады. Тамыз айының ортасынан, СҚО аумағында мал бағу қағидасы қолданысқа енгізілген сәттен, малдарын еркін жайылымға жіберген 40 тұрғын жауапкершілікке тартылды.
Облыста жыл басынан автокөліктер мен жануарлардың соқтығысуынан екі адам жарақат алды.