Түркістан облысының бас полицейі онлайн-режимде халыққа есеп берді
Түркістан облысының бас полицейі онлайн-режимде халыққа есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков 2020 жылғы тоғыз айында облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмыстары туралы онлайн режимде есеп берді. Есептік кездесу карантиндік іс-шараларға байланысты Полиция департаментінің «Facebook» және «Instagram» парақшаларында тікелей эфир арқылы жүзеге асырылды.
Жалпы, жыл басынан бері Полиция департаментінің қызметкерлері күнделікті қызметте түрлі оқиғаларға кезігіп, сан алуан істерді атқарып келеді. Олардың барлығын талдап, саралап, нәтижесімен бөлісу үшін есептік кездесуде бірінші бейнефильм көрсетіліп, одан ары қарай баяндамамен жалғасын тапты.
Тоғыз айды қорытындылаған Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы облыста қылмыстық құқықбұзушылықтың 26,6 пайызға, ал қылмыстың 27,5 пайызға азайғанын атап өтті. Өз кезегінде тұрғындар тікелей эфир арқылы көші-қон, кадр, патрульдік полиция бойынша сауалдарын жолдап, нақты жауаптарын алып, полицияның атқарған жұмысына оң баға берді. Желі қолданушыларынан толассыз түсіп жатқан сауалдардың барлығына облыстың бас полицейі Қайрат Дәлбеков ашық та нақты жауап беріп отырды.
Оған қоса полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков: – Облыс көлемінде Президентіміз бен Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тапсырмалары полиция қызметкерлерімен тиянақты орындалып, жұртқа жақын және ашық болу бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін жеткізді. Сондай-ақ желі қолданушыларына департаменттің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары мен жеке өзімнің парақшам тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс жасап тұрады. Сондықтан кез-келген уақытта сауалдарыңызды сол жерге жолдап немесе менің қабылдауыма жазылып, тікелей келулеріңізге болады. Мен сіздермен байланыс жасап кездесуге әрқашан дайынмын!, – деп атап өтті.