Жол-көлік оқиғасында жарақат алған велосипедші 1 айдан соң полицияға арызданды
Петропавлда велосипедші ЖКО орын алғаннан кейін бір ай өткен соң полицияға жүгінген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғасында жарақат алған Петропавл қаласының 43 жастағы тұрғыны бір ай өткеннен кейін ғана полицияға арыз жазған. Ол 31 тамызда Халтурин көшесімен велосипедпен қозғалып келе жатқан кезде «Volkswagen» автокөлігі оны жолдың оң жақ шетіне қысқанын айтқан. Көлігінің тізігіне ие бола алмай, құлап, жарақат алған соң емделуге жатқызылған. Оның айтуынша, бір айдан артық уақыт «Volkswagen» жүргізушісін кешірім сұрау үшін байланысқа шығады деп күткен. Сот-медициналық сараптама орта дәрежеде дене жарақатын алғанын растады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Жүргізушілер велосипедшілердің толыққанды жол қозғалысына қатысушы екендігін естен шығармаған жөн, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах. — Жыл басынан облыста екі доңғалақты көлік жүргізушілерін соғып кетумен байланысты жеті ЖКО орын алған, онда екі адам қайтыс болып, жеті адам жарақат алған. Кей кездері велосипедшілердің жолда өздерін ұстауы автокөлік жүргізушілері тарапынан наразылық тудырып жатады. Велосипедшілер тек жолдың оң жақ жиегімен жүрулерін есте сақтауы керек. Оларға аталған бағытта бір қозғалыс жолағы бар жолдарда сол жаққа бұрылуға тыйым салынған. Жаяу жүргіншілер өткелі бойынша олар велосипедті жетекке алып, жаяу жүруі қажет. Оларға жолаушылар мен көлемді жүктерді тасымалдауға болмайды.
Сонымен қатар, полицейлер жаяу жүргіншілерді сақ болуға шақырады. Қаңтардан бастап СҚО жолдарында жаяу жүргіншілерді соғып кетудің 47 фактісі тіркелді. 10 адам қайтыс болып, 42 адам жарақат алған. 20 жағдайда оқиғаның орын алуына жаяу жүргіншілердің өздері кінәлі болған. Полицейлер жолды белгіленген жерден ғана кесіп өтуді ескертеді. Алдын ала жүргізушілердің бәрі жаяу жүргіншілерді өткізетіндігіне көз жеткізу қажет. Жуырда әлеуметтік желілердегі петропавлдық пабликтерде Я. Гашек көшесінде жаяу жүргіншілер өткелінде адамды соғып кету оқиғасы тіркелген бейнетіркегіштегі жазба жарияланды. Аталған факті бойынша полицияға өтініш түспеген, дегенмен, полицейлер бейнежазба негізінде әкімшілік өндіріс қозғап, қазіргі уақытта көлік құралының жүргізушісі іздестірілуде.