Алматылық блогер желідегі танымалдығын арттыру мақсатында жүріп бара жатқан қоғамдық көлікке жабысқан
Жүріп бара жатқан қоғамдық көлікке жабысқан блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2001 жылы туған азамат өзінің заңсыз әрекеттерін камераға түсіріп, интернетте жариялаған.
Қазір жас жігіт өзінің бұл әрекеттерін желіде танымалдығын арттыру мақсатында жасағанын айтып әлек.
– Менің ойымша, құқық бұзушы мұндай «трюктердің» оның өмірі мен денсаулығына ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіретінін білмеді деп ойламаймын. Аталған азамат өзін полиция қызметкерлерінің заңға сәйкес шара қолдану үшін іздеп жүргенін біле тұра, мұқият жасырынған, бірақ, кеше кешке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 560-бабында көзделген құқық бұзушылықты (Теміржол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны) жасағаны үшін ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар бұл азаматпен бұдан әрі құқықтық тәртіпті бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық әңгіме өткізілді, – деді метрополитендегі Полиция басқармасының бастығы Тимур Өсекбаев.