Алматыда қонақ үй басшылығы жезөкшелер притонын ұйымдастырған
Өткен түнде Криминалдық полиция қызметкерлері өткізген түнгі рейд барысында Алматы қаласы Наурызбай ауданының аумағында орналасқан қонақ үй кешенінде жезөкшелікпен айналысатын 7 бойжеткен анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Жедел уәкілдер жедел–іздестіру іс-шараларын өткізу барысында аталған қонақ үйде осы мекеменің әкімшісі мен жезөкшелікпен айналысатын жеті бойжеткенді анықтады. Тексеру барысында жеңіл жүрісті қыздардың біреуінің ҚР көші-қон заңнамасын өрескел бұзып, Қазақстанда жүрген Өзбек елінің азаматшасы екені, қалған алты қыздың еліміздің азаматшалары екендіктері белгілі болды. Таяу күндері Өзбекстан Республикасының азаматшасы сот шешімімен ел аумағынан шығарылады. Ұсталған барлық азаматша полицияға жеткізіліп, олардың қандай-да бір құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатыстылығы тексерілді. Ал қонақ үйді жезөкшелер ошағына айналдырған мекеме басшылығына қатысты тиісті шара қолданылады» – деп мәлімдеді Алматы қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.