СҚО полицейлері жер үйде болған ірі көлемдегі ұрлықты ашты
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жер үйде болған ірі көлемдегі ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарашаның 6-сы күні Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Полиция бөліміне 36 жастағы ауыл тұрғыны жүгінген. Кешке көрші ауылға кеткен уақытында белгісіз қылмыскер үйінің пластикалық терезесін майыстырып, ішке еніп, алтын бұйымдары мен құндыз тонын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын сомасы 1 млн. теңгеден асады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделенді. Бейнежазбалар күдіктіні – бұрын сотты болған 1990 жылғы аудан тұрғынын анықтауға септігін тигізді. Ол үй иесінің жөндеу жұмыстарына жалдаған жұмысшыларының бірі болып шықты.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-б. бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті ұрлаған заттарды иесіне қайтарды, оған келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы қабылданды.
– Бейнебақылау камералары — бөтеннің мүлкін ұрлауды ескертудегі және ашудағы тиімді құрал, – дейді Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның ПБ бастығының орынбасары Асхат Ахметбеков. – Сондай-ақ, қорғаныс құралдарының болмауы қаскөйлердің ойдағыларын іске асыруларына жағдай жасайтынын түсіну маңызды. Пәтер ұрлықтарының алдын алу үшін үй-жайдың техникалық нығайтылуын ескерген жөн: сенімді құлып, мүмкіндік болған жағдайда пульттік күзетке қосылған бейнебақылау камераларын орнату.