Қызылордада пробация есебіндегі азамат жасанды тас шығаратын жеке кәсібін ашты
Қызылордада пробация есебінде тұрған сотталған азамат жасанды тас шығаратын жеке кәсібін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда пробация есебіндегі азаматтардың басым көпшілігі жеке кәсіпке бет бұрған. Бұл-пробация инспекторлары мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі.
Жуырда Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұратын азамат жасанды тас шығаратын кәсіп ашты. Ал жұбайы мал шаруашылығы кәсібімен айналысып, отбасылық бизнесті дөңгелетіп отыр.
Аталған азамат 2020 жылдың маусым-шілде айларында Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша «Бизнес бастау» жобасы аясында «кәсіпкерлік негіздері» оқу курсын аяқтаған болатын.
Курсты аяқтаған азамат жасанды тас шығару туралы бизнес жоспар құрып, комиссияға ұсынды. Комиссияның оң шемімін алған соң, оған мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант ретінде 555 666 теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
Ол осы қаржыға жасанды тас шығару кәсібіне қажетті заттарды алып, кәсібін бастап та кетті. Бір қызығы ауданда жасанды тас шығаратын жалғыз кәсіпкер осы азамат.
– Қандай кәсіпті қолға алсам деген оймен әлеуметтік желілерді шолып отырғанымда жасанды тас жасау кәсібіне көзім түсті. Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грантқа кәсібіме қажетті заттарды алдым. Жасанды тас гипстен жасалады, гипсты қатайту үшін пластификатор қолданылады. Тастың түсін түрлі – түсті етіп бояуға болады. Бұл тастарға сұраныс өте көп. Тастар үйдің ішін сәндеуге пайдаланылады. Аудандағы жасанды тас шығаратын жалғыз кәсіпкер мен болғандықтан, жуырда облыста өтетін көрмеге қатысқалы отырмын, – деді есептегі азамат.
– Жыл басынан бері пробация есебіндегі төрт сотталған азамат «Бизнес бастау» жобасы аясында «кәсіпкерлік негіздері» оқу курсын аяқтап, олардың екеуі мал шаруашылығымен айналысып, біреуі тауық өсіріп, енді бірі жасанды тас жасау бойынша жеке кәсібін ашты. Есептегі азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек түрлерін көрсету барысында отбасылық жағдайын да зерделейміз. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға тиісті әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жасанды тас шығару кәсібімен айналысатын азаматтың жұбайына да көмек көрсетіп, кәсіпкерлік негіздерін оқытып, мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып бердік. Қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысып отыр,- деді
аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Ж. Жүнісов.