Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицейге қарсылық көрсеткен тұрғын жауапқа тартылды

Арыс АПБ полицейлері аудан бойынша қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап, түрлі қылмыстардың алдын алу бағытында күнделікті қарқынды қызмет атқаруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осындай кезекті жұмыс күнінде өзіне бекітілген аумақта қоғамдық тәртіпті сақтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полицей, Арыс қаласының көшелерінің бірінде жарық беруші шамын жақпай және қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқан «DAEWOO NEXIA» маркалы көлігін тоқтатады.

Аталмыш автокөлік жүгізушісінің құжаттарын тексеру кезінде полицейдің қызметтік көлігінің алдына «TOYOTA CAMRY» көлігі тоқтап, ішінен жүргізушісі түсіп полицейден «DAEWOO NEXIA» көлігін не себепті тоқтатып тұрғанын сұрай бастайды. Оған қоса, полицейдің жұмысына кедергі келтіріп, оның әкімшілік хаттама толтыруына қарсылық көрсетеді. Осылайша тұрғын өз қызметін атқармақшы болған тәртіп сақшысының заңды талаптарына бағынбай, дөрекі мінезін көрсете бастайды. Билік өкіліне тіл тигізіп, балағат сөздермен қорлап, аузына келгенін айтады. Тәртіп сақшысы сабырға келуін сұрағанымен, құқық бұзушы заңға бағынбай өзінің теріс әрекеттерін жалғастыра береді. Тіпті патрульдік полиция тобының инспекторына күш қолданып, себепсіз қол жұдырығымен бас шүйдесінен ұрып, жағасынан алып, оң жақ маңдай шекесінен басымен соққы беріп, оқиға орнынан қашып кетеді.

Аталған жайт Арыс АПБ-мен СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 380-бабы (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша тіркелді. Полицейлер билік өкіліне қарсы келіп, балағаттап, күш қолданған тұрғынды ұстау мақсатында қажетті шараларды атқарады. Іс-шаралардың нәтижесінде құқық бұзушы тұрғын тұрғылықты мекен-жайы бойынша анықталып, ұсталды. Ол АПБ-не жеткізілді.

Тергеу барысында анықталғандай, негізінде полицей тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырмақ болған көлік құқық бұзушының көлігі болып шықты. Ол танысына көлікті жеткізіп беруін өтініп, өзі соңынан келе жатқан. Құқық бұзушы азамат өзінің кінәсін толығымен мойындады, қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға қоғамдық орында тәртіпті бұзбауға кеңес береді. Сонымен қатар, өз қызметтік міндетін атқаруға келген билік өкілдеріне күш қолданудың соңы қылмыстық жауапкершілікке апаратынын ескертеді. Сондықтан қарсылық көрсетіп, құқық бұзушылық жасағанша, өз қауіпсіздігіңізді ескеріп, заң талаптарына бағынғандарыңыз жөн.

Одан бөлек полицейлер, жол қозғалысына қатысушыларға әрқашан жолда абай болуға және жол қауіпсіздігі ережесін бұзбауға, кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру