Петропавлда полицейлер сертификатталмаған 56 түрлі дәрі-дәрмек саудалаған дәріхананы анықтады
Солтүстік Қазақстан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавлдағы дәріханалардың бірінде сертификатталмаған медициналық препараттарды саудалаудың фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел уәкілдерге дәріханалардың бірінде сертификатталмаған препараттар сатылып жатқандығы жайында ақпарат келіп түсті. Тексеріс кезінде ақпарат расталды: дәріханада сатуға рұқсаты жоқ дәрілік препараттар шынымен сатылып келген. Нәтижесінде 2 800 дана – түрлі дәрі-дәрмектің 56 атауы алынды. Жедел уәкілдермен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша дәріхана иесіне қатысты материал жинақталды. Баптың санкциясы 130-дан 200-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлды қарастырады. Шешім қабылдау үшін жиналған материалдар уәкілетті орган – Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департментіне жолданды.
– Аталған факті соңғы апта бойы жүргізілген «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды, – дейді СҚО ПД ЕҚҚІБ бастығы Жандос Басыбаев. Операцияның мақсаты – есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымымен айналысатын өнеркәсіп және медицина объектілерінің жұмысын тексеру. 40-тан астам дәріханалар, қоймалар, өндірістік кәсіпорындар мен медициналық объектілер тексерілді. Есірткі құралдарының заңды айналымы саласында 11 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның бесеуі объектінің техникалық нығайтылу, алты фактісі фармацевтикалық қызмет талаптарының бұзушылықтары. Сонымен қатар, «Дәрмек» операциясының шеңберінде ЕҚҚІБ қызметкерлерімен 15 түрлі есірткі құқық бұзушылықтары анықталды.
Жыл басынан СҚО полицейлерімен заңсыз айналымнан 400 кг астам түрлі есірткі заттары алынды. Оның 350 кг астамы марихуана, 1 кг 690 грамм – синтетикалық есірткілер, сондай-ақ 372 грамм – героин.