Тергеу изоляторының жас мамандары ант қабылдады
Атыраудағы тергеу изоляторының кадрлық құрамы жас мамандармен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесінің жеке құрамы жас қызметкерлерімен толықты.
21 жастағы Нұрлан Төлегенов мекемеде бақылаушы қызметін атқарады.
– ҚР Ұлттық ұланына қарасты №5571 әскери бөлімінде әскери борышымды абыроймен өтеп келгеннен кейін, осы мекемеге жұмысқа орналасуға болатындығын білдім. ҚАЖД кадр саясаты тобына келіп, керекті мәліметтерді алып, жұмысқа орналасуға қажетті құжаттарды жинақтауға бірден кірістім, – дейді Нұрлан Төлегенов.
Тергеу изоляторына жұмысқа кіруге ата-анаң қарсы болмады ма деген сұраққа жылы жымиған жас қызметкер құқық қорғау органдарында қызмет ету мақтаныш екенін айтты.
– Жоқ, керісінше олар үшін балаларының елдің тыныштығын күзетіп жүргені мақтаныш. Анам кейде «болашақ майорымыз» деп еркелетіп де алады. Өзім осы мекемеде жұмыс істегеніме қуаныштымын. Өйткені мемлекет қамқорлығын сезінемін. Арнайы киім, қосымша төлемдермен қамтылғанбыз. Тіпті болашақта балаларым балабақшаға кезексіз орналаса алады, үй жалдағым келсе мемлекет оған да көмектеседі. Яғни жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалған, – деді ол.
– Ұлымның таңдауына қарсы болмадық. Өйткені құқық қорғау саласында жұмыс істейтін азаматтар – еліміздің қорғаны. Баламның осы қызметте жүргеніне мақтанамын, – дейді анасы Гүлжанат Мырзагулова.