Түркістан облысының полицейлері оқушылармен онлайн-кездесу өткізді
Түркістан облысының полицейлері 31 мыңнан астам оқушымен онлайн-режимде кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Адами әлеуетті дамыту басқармасының қызметкерлерімен бірге жасөспірімдерге пайдасы мол іс-шара өткізді. Яғни облыстағы 61 мектептің 8-11 сынып оқушыларына онлайн-режимде нашақорлыққа қарсы профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиынға барлығы бір мезетте 31 204 оқушы қатысты. Айта кетерлігі, елімізде коронавирус індетінің таралуына жол берілмеу мақсатында аталмыш іс-шара барлық карантиндік талаптарды сақтай отырып, қашықтан онлайн өткізілді.
Сондай-ақ, оқушылардың назарына ҚР ІІМ ЕҚҚІҚД-мен дайындалған бейнелекция, роликтер ұсынылды. Жоғарғы сынып оқушыларымен тікелей эфир арқылы сұхбат жүргізіліп, есірткіге қатысты қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жайында сөз қозғалды. Тәртіп сақшылары жас буынға әрқашан салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға, теріс әрекеттерге бармауға шақырды. Әрбір құқық бұзушылықты жасаған жан жазасыз қалмайтындығы, сондықтан заңға сай өмір сүру керектігі ұғындырылды. Жалпы шара барысында «Ғасыр дерті» саналған есірткіден аулақ жүруді ескертіп, түрлі өмірлік өнеге болатын ақыл-кеңестер айтылды. Оған қоса, оқушылардың арасында болашақта полицей болуды армандайтындарын айтып бөліскен жасөспірімдер де болды.
Жиын соңында оқушылар полицейлерге келешек өмірлеріне қажетті құны жоғары кездесу өткізгендері үшін алғыстарын білдірді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Жастардың тәртіп-тәрбиесі – тәртіп сақшыларының назарынан түспек емес.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі