Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді
Түркістан облысының полицейлері мереке қарсаңында мұқтаж отбасыларға көмек қолын созды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Түркістан қалалық Полиция басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қайырымдылық іс-шарасы өткізілді.
Шара барысында Түркістан қаласының полицейлері асыраушысының мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыға барып, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік табыстады.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған жанұяға және көпбалалы аналарға да азық-түлік жеткізілді.
Өнегелі іс-шараны әрі қарай Арыс АПБ қызметкерлері жалғастырды. Олар «COVID-19» індетіне шалдығып, өмірден өткен ішкі істер органының зейнеткерлері Қанат Жолдасов пен Әділет Қасымовтың үйлеріне азық-түлік апарып, қаржылық көмек көрсетті. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыға да азық-түлік жеткізіп берді.