Полиция қызметкерлері мереке қарсаңында балаларды қуантып қайтты
Түркістан облысы Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мереке қарсаңында балаларды қуантып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, балаларды мерекемен құттықтап қайтты.
Аудандық полиция қызметкерлері балалардың білім алуына қажетті соңғы үлгідегі ноутбук пен планшетті тарту етті.
Балалар мереке қарсаңында салтанатты іс-шара ұйымдастырып, өнерлерін ортаға салды. Патриоттық әндер шырқап, мың бұрала би биледі.
Шара соңында балалар ауданның бас полицейіне армандарын айтып, алға қойған мақсаттарымен бөлісті.
Өңір полицейлері аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен, ерекше балалары бар және көпбалалы отбасыларға ай сайын көмек көрсетіп тұрады.
Оған қоса қызмет барысында қаза болған сақшылардың отбасыларына барып, хал-жағдайларын біліп, сый-сияпаттар табыстау дәстүрге айналған.
– Біз өз өңіріміздегі көмекке мұқтаж жандарды анықтап, азық-түлік алып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестіреміз. Бұл үрдісті уақыт өткен сайын жиілетіп келеміз. Өйткені бүгінде жанашыр полицейлер қатары жылдан жылға көбеюде. Яғни біздің мақсат заттай сыйлық табыстау емес, тағдырдың тәлкегіне түскен балаларға мейірім пен қуаныш сыйлау. Өз тарапымыздан мүмкіндігінше қамқорлық таныту. Айтулы мереке қарсаңында Арыс қаласы Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, балаларды қуантып қайттық. Бұл мекеменің түлектерінің біразы ІІМ Академиясында білім алуда, олар болашақта полицей болуға бекінген. Сондықтан біздің бөлім оларды асыға күтеді. Оларды еліміз үшін адал қызмет етуге шақырамыз! – аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Исабеков.