Коронавирустан қайтыс болған полицейдің отбасы назарсыз қалған жоқ
Түркістан облысының ПД-нің басшылығы бастаған топ коронавирустан қайтыс болған полицейдің үйіне барып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Түркістан облысы ПД бастығының орынбасарлары Абдиғани Сейдуалиев пен Бағлан Халықов қауіпті індетпен ауырып қаза тапқан полицейдің үйіне арнайы іссапармен барды.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД ЖПҚБ бағынысты Патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы болып жұмыс атқарған Мұхтар Сарбаев 2020 жылы шілде айының 8-і күні «пневмония» дертімен ауырып, жұлдызы ерте сөнген еді.
Осы орайда қаза тапқан қызметкердің отбасына барған басшылық құрам отбасы мүшелерін мерекемен құттықтап, бағалы сыйлықтарды тарту етіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ Мұхтар Сарбаевты ардақтап еске алып ҚР ІІМ-нің бұйрығына сәйкес «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» деген медальмен марапаттап, әкесі Сапар Сарбаевқа табыс етті.
Өз кезегінде Мұхтар Сарбаевтың анасы Каримаш Сарбаева Түркістан облысы ПД-нің басшылығына, полиция батальонының қызметкерлеріне разылығын айтып ізгі тілектерін білдірді.
– Айналайын, балаларым. Әрдайым жолдарың ашық болсын! Қиын да қауіпті жұмыстарыңда тек абыройлы болыңдар. Ең бастысы дендеріңе саулық тілеймін!, – деп атап өтті.