Түркістан облысының полицейлері көліктен ақша ұрлаған жігітті ұстады
Түркістан облысының полицейлері көліктен ақша ұрлаған жігітті үш сағатта құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-ға Леңгір қаласының тұрғыны арызданады. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, түнгі уақытта оның тұрғын-үйінің алдында көше бойында тұрған «Opel Veсtra» маркалы автокөлігіне белгісіз біреу ұрлыққа түскен. Яғни көлік ішінде тұрған әмиянынан 60 мың теңгесін жымқырып кеткен. Аталған жайтты полицейлер тіркеуге алып, көлік ұрысын ұстауға жұмылдырылды. Ақпарат алысымен аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, бірден оқиға орнына жетті. Полицейлер барлық қажетті шараларды іске асырып, ұрыны ұстауға кірісті. Көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын қарап шығады. Жақын аумақтарды аралап, мұқият тексерді. Тәртіп сақшылары, осындай жүйелі жұмыстардың арқасында жинақталған ақпарат көздерімен күдіктінің ізіне түседі. Оны үш сағат ішінде қала көшелерінің бірінен ұстап, АПБ-ға жеткізеді. Күдікті бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті жігіт түнгі уақытта көліктің артқы есігі ашық болғанын және көшеде ешкімнің жоқтығын пайдаланып ұрлыққа түскен. Оңай жолмен ақша табу мақсатында әмияндағы бар қаражатты жымқырып, жартысын өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қамауға алынды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және автокөліктері мен бағалы заттарын қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ автомобильдердің есіктері мен терезелерін жауып, ақша мен құжаттарды өзіңізбен бірге алып кетуді ескертеді. Автокөлікті күзет дабылымен жабдықтап, күзетілетін тұраққа қою қажет. Мүмкіндігінше абай болыңыз және құнды заттарды қоғамдық орындар мен көшелерде қалдырмаңыз. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.