Түркістан облысында полицейлер кәріз құбырларын ұрлаған күдіктіні ұстады
Түркістан облысында полицейлер кәріз құбырларын ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті фирманың өкілдері арызданып, белгісіз тұлғалар мекемеге тиесілі 300 м кәріз құбырларын қазып, ұрлап кеткендігін хабарлаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 800 000 –ға жуық теңгені құрады.
Оқиға орнына Сайрам АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтарды, аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырып, сондай-ақ сауда нүктелері мен бейнебақылау камераларын тексерді. Бірнеше күн бойы жүргізілген осындай жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сайрам АПБ полицейлері күдіктіні ұстады. Аудандық полиция басқармасына жеткізілген ер адам жергілікті тұрғын болып шықты.
Күдікті өз жауабында трассаның бойынан қараусыз жатқан канализациялық құбырларды байқап, ойы өзгергенін жеткізген. Яғни ер адам оңай олжаға кенелу мақсатында аталған құбырларды қазып ұрлап, кейін сатқан, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Тергеу күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтайды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді, бұл ұрылар үшін оңай олжа болуы мүмкін. Сондай-ақ, өзіңіздің шаруашылық аулаларыңызды және ұйымдардың аумақтарын сенімді қоршаумен қоршап, бейнебақылау камерасы және күзет дабылын орнату қажет. Егер сіз ұрлықтың немесе басқа да қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.