Жыл басынан СҚО полицейлері із-түссіз жоғалған 67 адамды іздеп тапты
Жыл басынан СҚО полицейлері із-түссіз жоғалған 67 адамды іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Із-түссіз жоғалғандарды іздестіру – криминалдық полиция жұмысының бір бағыты. Тәртіп сақшылары адамдардың хабар-ошарсыз кетуінің себебі жауапсыздық, сондай-ақ алкогольді асыра пайдалану болып жататынын атап өтті. Бұл тек ер адамдарға ғана қатысты емес. Мәселен, полицейлер Ғабит Мүсірепов атындағы аудан тұрғынының өтініші бойынша отбасын тастап, Қостанай облысына кетіп қалған 27 жастағы келіншегінің жүрген жерін анықтаған. Әйел бұрын алкогольді ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен…
– Тағы бір жиі кездесетін сценарий – адамдар жақындарын ескертпей, нәпақа табуға кетеді, – деді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов. – Бұнымен қоса, адам ұялы байланыс жоқ жерде жүретін болса, бұл адам тағдыры үшін алаңдатушылық тудырады. Адамдар жақындарының сезімдерін ескерсе екен дейміз. Іздестіру іс-шарасына көп адам тартылады: жедел уәкілдер еріктілер ұйымдарымен бірлесе фактілерді тексереді. 11 айдың ішінде СҚО-да із-түссіз жоғалған 90 адам іздестірілді. Оның 67-сінің жүрген жері анықталды.