Полицейлер күмәнді сілтемелерге сенбеуге шақырады
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері танымал мессенджерлер арқылы таратылып жатқан күмәнді сілтемелерге сенбеуге шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласының тұрғыны Евгения Захаринаның ұялы телефонына бейтаныс адам қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Ол бірден қала тұрғынынан банк картасының реквизиттерін айтып беруді өтінген. Себеп ретінде жақын арада оның картасынан операциялар жүзеге асырылғанын айтқан. Ер адам өте сыпайы сөйлескен. Алайда әйел адамның атында банктік карта жоқ екенін естігенде бірден тұтқаны қоя салыпты.
Евгения еңбекақысын картамен емес, қолма-қол алады екен. Қала тұрғыны полицияға арыз жазбауды жөн көріпті. Оның айтуынша, материалдық шығын мен залал келтірілмеген. Дегенмен, мұндай әрекеттерге бейжай қарамайтын азаматша бұл жайт туралы криминалдық полицияның жедел уәкілдеріне хабарлады.
СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, Жаңа жылдық мереке қарсаңында алаяқтардың белсенділігі артуы мүмкін. Осыған байланысты жедел уәкілдерге кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
– Жаңа жыл мейрамы қарсаңында адамдардың көпшілігі хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерден жақындары үшін сыйлық іздейді. Қаскөйлер бұл жайлы біледі және күн сайын жаңа криминалдық тәсілдер мен түрлі амалдар ойлап табады. Көбіне халықтың басым бөлігі OLX, Kolesa және Instagram сияқты платформалардағы алаяқтардың қармағына түсіп жатады. Тұрғындардан сақ болуларын, егде туыстары мен көршілеріне интернет-алаяқтардың құрбанына айналмас үшін ешкімге ЖСН, карталарының және басқа да жеке деректерін айтпауды ескертулерін сұраймыз, – деді Руслан Назаров.
Сондай-ақ Криминалдық полиция басқармасы соңғы кездері танымал мессенджерлерде таратылып жатқан күмәнді сілтемелердегі акцияларға қатыспауға шақырады.
Әдетте, бұл алаяқтардың интернет-ресурстарына өткізетін сілтемелер танымал ұйымдардың, банктердің, интернет-дүкендердің сайттарының көшірмелері болып табылады. Сіз бұл сілтемені пайдалану арқылы логин, құпия пароль мен басқа жеке мәліметтерді енгізуге түрлі жолдармен мәжбүрлейтін ресурстарға өтесіз. Егер де алаяқтардың бұл әрекеті іске асса, бір күні бар жинаған қаражатыңыздан айырылуыңыз мүмкін. Бұл жағдайда бірден полицияға арызбен жүгінген абзал, – дейді олар.