Елордада кальян өнімдерін пайдалануға байланысты заң бұзушылықтар анықталды
Елордада кальян өнімдерін пайдалануға байланысты заң бұзушылықтар анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда темекі және кальян өнімдерін тұтынуға тыйым салу талаптарының сақталуын бақылау жұмыстарын жалғастыруда. Рейдтік және профилактикалық іс-шаралар барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен анықтауға ерекше назар аударылуда.
Жыл басынан бері елорда аумағында темекі өнімдерін, кальяндарды, темекіні қыздыру жүйелерін және өзге де никотин құрамды өнімдерді заңмен тыйым салынған орындарда пайдалануға қатысты 3500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Кезекті тексеру барысында Кенесары көшесінде орналасқан ойын-сауық орындарының бірінде келушілердің кальян шеккені анықталды. Аталған дерек бойынша құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар, кальян пайдалануға жағдай жасаған мекеме әкімшілігі де жауапкершілікке тартылды.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарда кальян шегуге толық тыйым салынған. Бұл талап дәмханаларға, мейрамханаларға, түнгі клубтарға, саябақтарға, демалыс аймақтарына және өзге де көпшілік жиналатын орындарға қолданылады.
Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және қоғамдық орындарда темекі мен кальян өнімдерін пайдаланудан бас тартуға шақырады. Мұндай зиянды әдеттер адам денсаулығына елеулі қауіп төндіріп қана қоймай, қоғамдық тәртіптің бұзылуына да әсер етеді.
Салауатты өмір салтын таңдау – әр адамның өз денсаулығы мен қауіпсіз болашағына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.
