Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада түнгі уақытта пиротехника қолданған екі азамат жазаланды

Елордада түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды пайдаланып, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзу деректерінің жолын кесу жұмыстары жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәселен, оқу орындарының бірінің маңында пиротехникалық бұйымдарды іске қосу дерегі анықталды. Белгілі болғандай, 29 жастағы екі ер адам құрбысының туған күнін осылайша атап өтуді ұйғарған. Алайда олардың әрекеті жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінің тұрғындарының тыныштығын бұзған.

Аталған дерек бойынша екі азаматқа да ұсақ бұзақылық жасағаны және тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысы бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Астана қаласының полиция департаменті мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен заңнама талаптарын сақтау қажеттігін еске салады.

Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын айналасындағылардың тыныштығына құрметпен қарауға, белгіленген тыныштық талаптарын сақтауға, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген орындарда және қауіпсіздік шараларын сақтай отырып пайдалануға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру