Елорда жолдарында мас жүргізушілер тоқтатылды
Демалыс күндері Астана қаласында патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған 14 жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солардың бірі – Гетте көшесінде тоқтатылған Chevrolet Cobalt автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі.
Құжаттарды тексеру барысында полицейлер жүргізушіден алкогольдің өткір иісін сезген. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны расталды.
Аталған дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Көлік құралы арнайы айыптұраққа қойылды.
Сот шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция қызметкерлері демалыс күндері де жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мас күйде көлік басқару деректерінің жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейтілген режимде жүргізуде.
Полиция мас күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты заңнамада көзделген қатаң шаралар қолданылады.
