7 жасөспірім үйлеріне жеткізілді
Атыраулық полицейлер жыл басынан бері түрлі себептермен хабар-ошарсыз кеткен 7 жасөспірімді үйлеріне жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 1-5 қаңтар аралығында Атырау қалалық Полиция басқармасының «102» операторына түрлі себептермен хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімдер жөнінде жеті хабарлама түскен.
Мысалы, 4 қаңтар күні сағат 00:30 шамасында 10 жастағы жасөспірім анасымен сөзге келіп, үйінен шығып кетіп, көршісінің үйінен табылды.
Дәл сол күні сағат 23:00 шамасында 14 жастағы жасөспірім анасымен ренжісіп, үйінен шығып, көпірге қарай бет алған. Жасөспірімді полиция қызметкерлері тауып, отбасына жеткізді. Аталған жеткіншектердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы) әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескерту берілді.
Айта кетейік, көп жағдайда жасөспірімдер адасып қалса, кейбірі ата-аналарымен сөзге келіп, тұрғылықты мекен-жайынан шығып кетеді.
Жыл басынан бері хабар-ошарсыз кеткен жеткіншектердің барлығы қарқынды іздеу нәтижесінде 2-3 сағат аралығында табылып, ата-аналарына аман-есен табысталды.