Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 50-ге жуық хабарлама түскен

Атырауда демалыс күндері “102” операторына отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 50-ге жуық хабарлама түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың негізгі факторлары спирттік ішімдіктерді асыра пайдалану, жұбайын өзіне бағындыру, қызғану салдарынан, отбасылық қарым-қатынастағы өзге де даулы себептерден туындайды. Көбіне азаматтық некедегі немесе дәм-тұзы жараспай ажырасқан жұбайлар үйлеріне келіп, жанжал шығарады, – деп хабарлады Атырау қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаев.

Мысалы, 1 қаңтар күні сағат 02:45 шамасында “102” операторына Құлманов көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұратын 34 жастағы әйел хабарласып, 35 жастағы некедегі жолдасының ішімдік ішкен күйде жанжал шығарып, маңдайына жарақат салғандығы туралы айтқан.

Қоңыраудан кейін учаскелік полиция инспекторлары азаматшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғау нұсқамасын шығарып, оның некедегі жолдасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) әкімшілік хаттама толтырып, аталған азамат сот шешімімен үш тәулікке қамауға алынды.

Бұдан басқа, 2 қаңтар күні сағат 18:00 шамасында Бірлік кентінің 20 жастағы тұрғыны 42 жастағы әкесінің мас күйде жанжал шығарып жатқандығы туралы хабарлаған. Аталған хабарламаны тексеру кезінде 42 жастағы азамат мас күйінде болғандықтан бір тәулікке №2 қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жеткізіліп, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды.

Атырау облысының Полиция департаменті зорлық-зомбылықтың куәгері болсаңыз, дереу “102” телефонына қоңырау шалуды сұрайды. Сондай-ақ Полиция басқармасына 98-22-05, Дағдарыс орталығына 46-60-60, Ана үйіне 8-701-337-11-92 нөмірлері арқылы хабарласуға болатынын еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру