Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында кадет сыныбы ашылды

Қызылорда облысында кадет сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2024 жылдың мамыр айының алғашқы онкүндігі — ардагерлер, Отан қорғаушылар мен ер азаматтар қауымы үшін айырықша тебіреніске толы мезет. Бүгінге дейін батырлық, отансүйгіштікті өскелең ұрпаққа насихаттау, тұлғалар туралы танымды қалыптастыру бағытында бірнеше көрнекі шара қорытындыланды. №266 мектеп-лицейде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы жеңістің 79 жылдығы қарсаңында қызметін адал атқарып жүріп қаза тапқан Қайрат Қалеков атына кадет сыныбы ашылды.

Батырды, оның жанкештілігін бір минут еске алумен басталған шараға генерал-майор Ерниязов Әлімжан, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы, Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Әділхан Оңдасынұлы, сонымен бірге аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Ансатов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Нұрлан Құрманғалиұлы қатысты. Азаматы ардақталған сәтке марқұм Қайрат Қалековтың зайыбы Әлия апай да куә болды.

Кадет сыныбының лентасы қиылғаннан кейін үш жақты меморандумға қол қойылды. Мектеп қорғаныс және полиция бөлімі бірлесе қол қойған құжат ендігі жерде шәкірттердің патриоттығын оятуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сонымен бірге жастарды әскери ақпараттандыруға жұмыс істейді.

Айта кету керек, Қайрат Қалеков Қазалы аудандық ІІБ-нің жанындағы күзет бөлімшесінде бақылаушы болып жұмысқа орналасқан.1998 жылдың 12 ақпанында Қазалы ауданындағы Жаңақазалы кеңшарында қызметтік міндетін атқару кезінде қанды қол қылмыскердің қолынан қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру