Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысының бас полицейі мектептерге орнатылған дабыл түймесінің қызметін тексерді

Атырау облысының бас полицейі мектептерге орнатылған дабыл түймесінің қызметін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев облыс орталығындағы бірнеше мектепке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін іске қосылған бейнебақылау жүйелері мен Жедел басқару орталығына тікелей интеграцияланған дабыл батырмаларының жұмысын және батырма бойынша қызмет көрсететін бөліністердің жеделдігін тексерді.

Айта кетейік, облыс бойынша барлық 201 мектеп бейнебақылау жүйесімен, 146 мектеп дабыл белгісімен қамтамасыз етілген. Дабыл белгісі басылған соң Жедел басқару орталығына түскен хабарлама бойынша 3 минут ішінде мектепке патрульдік полицейлер алғашқы боп жетті, 5 минутқа жетпейтін уақытта мамандандырылған күзет мекемесінің қызметкерлері жетті. Ал бұл уақыт ішінде мамандар келгенше мектеп ғимаратындағы адамдар қауіпсіз жерге арнайы нұсқамаға сәйкес шығарылды. Бақылау жүргізген департамент бастығы көмекші құрылғылардың қызметі үнемі назарда болу керектігін және тәуліктің кез келген уақытында сақадай сай болуын тапсырды.

– Бүгін міне балалардың күзгі каникулы кезінде мектептердегі дабыл белгілерін тексеріп жатырмыз. Бұл құрылғылар полицияға тікелей байланыс орнатуға көмек береді. Көмекке жедел жету үшін әр сәт, әр секунд маңызды. Сондай-ақ білім ошағындағы бейнебақылау камералары үздіксіз жұмыс істейді. Облыстағы барлық мектепте бейнебақылау камерасы бар, – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру