ШҚО полициясында мерекелік жиын өтіп, үздіктер марапатталды
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментінде Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиын полиция қызметкерлері мен ардагерлердің басын қосып, жеке құрамның еңбегін атап өтуге және аға буынға құрмет көрсетуге арналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны аша отырып, полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Болат Нұрсейітов әріптестері мен ардагерлерді мемлекеттік мерекемен құттықтады.
— Республика күні — тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің және еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілігіміздің символы. Кәсібилігі мен қызметіне адалдығы үшін жеке құрамға, ал мол тәжірибесі мен қызметтік дәстүрлерді кейінгі ұрпаққа жеткізген ардагерлерге алғысымды білдіремін, — деді ол.
Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев та қатысушыларды құттықтап, ұрпақтар сабақтастығы мен қызметтік борышқа адалдықтың маңызын атап өтті.

Салтанатты жиын аясында жеке құрамды марапаттау рәсімі өтті. Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бес полиция қызметкері ҚР ІІМ-нің грамоталары мен "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медальдарымен марапатталды. Екі қызметкерге көтермелеу тәртібімен арнаулы атақтары мерзімінен бұрын бір саты жоғары берілді. Тағы 12 қызметкер полиция департаментінің грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.

Мерекелік көңіл күйді концерттік нөмірлер толықтырды. Бағдарлама аясында "Жас сақшы" сыныбының тәрбиеленушілері де өнер көрсетіп, полиция қызметіне деген қызығушылықтарын танытты.

Салтанатты кездесу құқықтық тәртіпті күнделікті қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерге және қызметтік дәстүрлердің негізін қалаған ардагерлерге құрмет көрсетудің жарқын үлгісіне айналды.



