Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері алаяқтардан сақтану жолдарын түсіндірді

Түркістан облысының полицейлері алаяқтардың қылмыстарын айта отырып, олардан сақтану жолдарын түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы кездері SMS-хаттар, автокөлік, пәтер, ұялы телефон ұтысы немесе басқа да бағалы сыйлықтар туралы хабарламалар адамдар арасында танымал болды. Алаяқтар жүлдені алу үшін электронды шоттарға белгілі бір ақша сомасын аударуды сұрайды, содан соң ол ақша салықтарға, кедендік баждар мен көлік шығыстарын т.б. қызметті төлеу қажеттілігі деп алдайды. Ақшаны алғаннан кейін олар байланысқа шықпайды. Соңында өзіңіздің оңбай алданғаныңызды түсінесіз. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері сізді осындай қылмыстардан қорғау мақсатында төмендегідей мәліметтерді ұсынады. Яғни интернет-алаяқтық жайтының ең кең таралған түріне 15 түрі бар. Олар: 

1.Интернет-дүкен алаяғы. Алаяқтар онлайн дүкендерді пайдалана отырып, тапсырыс берген затыңыз арқылы қылмыс жасайды.

2.Интернет-қайыршылық. Қайырымдылық жасау мақсатында ақшаңызды аудартып алады.

3.Фишинг. Құпия деректерді пайдаланушылардың «логин-парольдерін» бұзып, ондағы мәліметтерге қол жеткізу арқылы ақшаңызды жымқырады.

4.Кликджекинг. Желі арқылы лүпіл жинап беру, жазылушылар санын арттыру секілді уәделерді беріп, ақшаңызды алады.

5.Биржа-алаяқтық. Акцияларды жарнамалап, назарыңызды аудартады да, сіз төлем жасағаннан соң уәдені орындамай зым-зия жоғалады.

6.Күтпеген ұтыс. Тосын сый секілді сізге ұтыс ұттыңыз деп ұялы телефоныңызға, поштаңызға, смс хабарлама немесе а жүлде ұтысы туралы ақпар жіберіп, сізді қызықтырып, соңында сіздің жеке мәліметіңіз арқылы ақшаңызды жымқырады.

7.Интернет-казино. Құмар ойынға жақын адамдарды құрыққа түсіреді. Сенімді сайттар мен ұтыстарды ұсына отырып, арам істерін іске асырады.

8.Интернеттегі қаржы пирамидалары. Табысты ұлғайту үшін ақша салуды басқа да адамдарға таратуды айтады. Осылайша ақшаңызды қалталарына оңай басады.

9.Валюта айырбастаудағы табыс. Пайдаланушыларға валюта айырбастау үшін электрондық айырбастау пункттерін пайдалана отырып, ақша табу ұсынылады. Алаяқтар түрлі төлем жүйелерінде екі шот ашып, екі айырбастау пунктінің көмегімен валютаны өзгертіп, кері айырбастауды сұрайды. Ақырында айырбастау орындары жалған болып шығады. 

10.Онлайн-несие алаяқтығы. Несие беруге уәде беріп, сауалнама толтыртып, алдын ала аз сомада ақшаңызды аудартып алғаннан соң алданғаныңызды түсінесіз.

11.Жалған крипто-валюта. Адамдарды ақша аударуға, арзан бағада крипто валюталарды сатып алуға, сол арқылы көп табыс табуға болады деп сендіреді.

12.Онлайн-танысу. Әлеуметтік желіде хабарландыру бойынша әдеттегі танысудан басталады. 2-3 ай ішінде сеніміңізге ие болып, өзінің қаржылық мәселелерін шешуге ақша сұрайды. Ал ақшаңызды алғаннан соң онымен байланысу мүмкін болмай қалады.

13.Смс-алаяқтық. «Несиеде қарызым бар, нөмірмен қателестім, басқаның ақшасы аударылып кетті, кәртішкем блокқа түсіп қалды, туыстарым қайғылы жағдайға душар болды» – деген секілді түрлі хаттарды сізге жолдау арқылы ақшаңызды жымқырады.

14.Фриланс-алаяқтық. Бұл да онлайн-алаяқтық секілді. Жеке мәліметтеріңізге қол жеткізіп, атыңыздан түрлі несиелерді рәсімдеп, табыс табу тәсілін ұсыну арқылы алдайды.

15.Киберсквоттинг – компаниялардың атаулары мен жаңа тауарлардың брендтері арқылы ақша табу тәсілі.

Сіздерге алаяқтардың қылмыстарын көрсете отырып, мынадай сақтану жолдарын да ұсынамыз!

Егер де сізге жұмысқа қабылдаймын немесе мемлекеттен берілетін жәрдемақыларды, әлеуметтік көмектерді қысқа мерзімде немесе т.б сізге күмән келтіретіндей жолмен ұсынса, ақпардың нақтылығына және заңды екендігіне көз жеткізіңіз!

– Онлайн арқылы несие алу және тез әрі оңай орындалатын қызметтерге күмәнмен қараңыз!
– Әлеуметтік желілердегі әр түрлі тауарларды, өнімдерді және қызметтерді сатуға арналған жарнамаларды қарағанда сақ болыңыз!
– Әр түрлі банктердегі шоттарға төлем аударуды талап еткен жағдайда мұқият болыңыз! Реквизиттері мен басқа да тиісті мәлімттерді сұраңыз! Алдын ала төлем жасамаңыз!
– Тауарларды расталмаған сату көздерін алмаңыз! Әлеуметтік желілер арқылы жасалатын күмәнді мәліметтерден бас тартыңыз!
– Төлем жүйелерімен белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз!
– Басқа қалаға арналған қосалқы бөлшектерді сатып алғанда, достарыңыз бен таныстарыңызға айтып, сатушымен кездесуге және сатып алынған өнімді тексеруді өтініңіз. Әбден көз жеткізіңіз!
– Бейне байланыс жүйесі арқылы сатушының өз төлқұжатын көрсетуін сұраңыз!

Ең бастысы сіз ешкімге банк шотыңыздың толық нөмірін, құпия сөздерін беруге, айтуға міндетті емессіз! Сондықтан айтылған кеңестерді мұқият ұстанып, есте сақтаңыздар! Сонда ғана алаяқтардың өзіңізді арбауына жол бермейтін боласыз! Оңай жолмен табыс табамын деп, тұзаққа түсіп қалмаңыз. Алаяқтардан абай болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру