Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қылмыстық істердің жартысынан астамы электрондық форматта тергелуде

Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық істердің жартысынан көбі электронды форматта тергелуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Цифрландыру тергеушілер мен анықтаушылардың жұмысын жедел әрі ашық етті. Бұған қылмыстық істерді тергеудің электронды форматына жүйелі түрде көшудегі полиция қызметкерлерінің тәжірибесі дәлел.

Өткен жылы өңірдегі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің 50%-дан астамы осы режимде жүргізілсе, биылғы жылдың бірінші аптасында қылмыстық істердің 70%-ға жуығы электронды форматқа ауыстырылды.

– Әрине, қағазбастылықтан арылып, уақытты үнемдеп, сапаны жақсартатын сандық режимді игеру үшін уақыт қажет болды. Қазір бұл процесс жолға қойылды. E-ҚІ-де тиімді жұмыс істеу үшін қажетті жабдықтардың есебі жасалды. Өткен жылдың соңында қосымша 50 компьютер және жаңартылған бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған арнайы құрылғылар сатып алынды. Бүгінгі таңда «Электрондық қылмыстық іс» жобасы аясында жабдықталған 134 жұмыс орны бар, – деді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин.

Цифрландырудың артықшылықтарын қылмыстық процеске қатысушылар да жоғары бағалады. Олар электрондық үкімет порталы арқылы қол жеткізуге құқығы бар іс материалдарымен таныса алады.

Ел Президенті өзінің Жолдауында құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігі екендігін баса айта отыра, тергеу органдары жұмысының ерекшелігіне басты назар аударды. Сонымен қатар, барлық қызмет саласына белсенді түрде енгізілу үстіндегі цифрландыру барлық реформалардың негізгі элементі ретінде атап өтілді. Бұл жаңа технологиялар Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің тергеу және анықтау органдарының жұмысында өзінің тиімділігін көрсетті.

2020 жылы аумақтық полиция бөліністерінің өндірісінде электрондық форматта 4 981 қылмыстық іс тергелді. Бұл өткен жылдарға қарағанда екі есе көп. 2021 жылдың бірінші аптасында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 50 қылмыстық құқық бұзушылық енгізілді, оның 35-і электронды форматта тергеледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру