Үздіктер жұмыс тиімділігін қамтамасыз етеді
Қызылорда қаласының ПБ анықтау бөлімінің бастығы Марат Алиев Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 29 жыл толуына орай ІІ дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төс белгісімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Марат Нұрланұлы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында 15 жылдан астам уақыт адал еңбек етіп келе жатқан қызметкер. Осы уақыт ішінде ол I, II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан полициясының 25 жылдығы», «Криминалдық полицияға 100 жыл» медальдарымен, «Үздік қызметі үшін» төс белгісімен марапатталған. Осы марапаттардың қатары бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 29 жыл толуына орай ІІ дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төс белгісімен толықты.
Марат қылмысқа қарсы күресті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша еңбек жолын алғаш Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметінен бастаған. Кейін қызығы мен қиындығы қатар жүретін тергеу қызметіне кіріскен Марат адалдықты өмірінің негізгі темірқазығы ете білді. Кез келген қылмыстық істі тергеу барысында іс аясында адам тағдыры, жәбірленушінің жан айқайы барын әсте естен шығарып көрген емес.
Ұдайы білімін жетілдіруге ұмтылатын оның еңбегі ескеріліп, қазіргі таңда қалалық Полиция басқармасында анықтау бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарады.
– Мен он жылдан астам уақытымды тергеу бөлімінде өткізіппін. Анықтау қызметі де тергеу секілді алдын ала тексерумен айналысады. Бірақ, анықтаушы мен тергеушінің жұмысы бір-бірінен аз-кем ерекшеленеді. Яғни, қылмыстың ауырлығы мен жеңілдігіне қарай айырмашылық бар. Егер ірі көлемде залал келсе, ауыр қылмыс орын алса, алдын ала тексеруді тергеуші өз мойнына алады. Ал біз онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстармен айналысамыз. Ең көп кездесетіні – алаяқтық пен бұзақылық, – дейді Марат Нұрланұлы.
Мараттың жары Меруертпен отасқанына 12 жыл уақыт болды. Отбасында мектеп жасындағы қызы Инабат пен ұлы Сағадат өсіп келеді.