Карантин талабын сақтамаған жаяу жүргіншіден есірткі заты табылды
Карантин талабын сақтамаған жаяу жүргіншіден есірткі заты табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-нің ЖПҚ полиция қызметкерлері Төлеби ауданының Нысанбек-Диханкөл тас жолының бойында карантин режимін сақтамай жүрген тұрғынды тоқтатады. Содан соң тәртіп сақшылары жаяу жүргіншіге карантин режимін сақтау керектігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бетперде тағып алуын ескертеді. Осы сәтте жергілікті тұрғын сырт киімінің қалтасынан бетпердесін ала бергенде, газет орамасы қоса түсіп қалған. Полицейлер оны тексеру барысында, хош иісті есірткіге ұқсас зат екенін анықтады.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жаяу жүргіншіден айғақты заттар тәркіленіп, сараптамаға жолданды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың үш грамнан астам кептірілген марихуана екендігі анықталды. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға байланысты құжаттар жинақталып, тиісті шара көрілуі үшін сотқа жөнелтілген.
Сондай-ақ карантин талабын сақтамағаны бойынша жинақталған іс-құжаттар СЭС-ке жолданып, әкімшілік жауапқа тартылды.
Тергеу барысында күдікті азамат жаяу келе жатып, есірткі затын тауып алғанын және оны өзі пайдаланбақ болғанын мойындаған. Сонымен қатар бұдан алдын ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша және бұзақылық баптары бойынша сотты болғаны анықталды.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға есірткі заттарын сақтау және заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады, сондай-ақ азаматтарды зиянды әдеттерден бас тартуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сонымен қатар карантин талаптарына бағынып, бетперде тағып, өз өмірлеріне жауапкершілікпен қарауды ескертеді.