Ер адам көршісінің сиырын ұрлап, сойып алған
Еңбекшіқазақ ауданындағы шаруа қожалықтардың бірінің жұмысшылары көршісінің сиырын ұрлап, оны сойып алғаны әшкере болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданындағы шаруа қожалықтардың бірінің иесі жайылымда жүрген сиырының жоғалғанын және өзі іздеп таба алмағанын айтып, полицияға шағым түсірген. Мал иесі көрсеткен аумақты жіті тексерген тәртіп сақшылары сиырдың қолды болғанын анықтап, ұрыларды да әшкерелеген.
– Сиырдың жоғалуына қатысты әртүрлі нұсқа пысықталды. Жедел іздестіру нәтижесінде көрші шаруа қожалықта жұмыс жасайтын екі адам күдікке ілінді. Бұлтартпас айғақтардан кейін олар кінәларын мойындап, қылмыстың мән-жайын айтты. Бұдан басқа ақпарат тергеу мүддесінде жарияланбайды, – деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының бастығы Талғат Сейілханов.
Тексеру барысында күдіктілердің жайылымдағы сиырды сойып, қылмыс ізін жасыру мақсатында терісін өртеп жібергені анықталды. Күйген тері тәркіленіп, айғақзат ретінде тіркелді.
– Іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сиырдың етінің жартысы мал иесіне қайтарылды. Күдіктілердің бұдан өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, – деп толықтырды Талғат Сейілханов.