Алматы облысының полицейлері облыстық маңызы бар кейбір автожолдардың жабылғанын хабарлады
Алматы облысының полицейлері облыстық маңызы бар кейбір автожолдардың жабылғанын хабарлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысының тәртіп сақшылары кейбір жолдардың жабылғанын хабарлады. Жолдың жабылуы ауа температурасының төмендеуіне және ақтүтек боран соғуына байланысты болып отыр.
– 13 қаңтардан бастап облыстық маңызы бар Алматы-Өскемен-Қапал-Арасан автожолының 0-ден 45 шақырымға дейінгі аралығы және Алматы-Өскемен-Қапал-Арасан автожолының 0-ден 16 дейінгі Көктөбе ауылына кіреберіс аумағы барлық көлік түрлеріне жабылды. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар Үшарал-Достық автожолы да қолайсыз ауа-райына байланысты жабылып, қозғалысқа шектеу қойылды, – деп хабарлады ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов.
Өз кезегінде, полиция өкілі барлық жүргізушілерді жолға шықпауға, ауа-райы жақсарғанға дейін жол жүруді жоспарламауға шақырды. Аталған жол учаскелерінде полицейлер мен төтенше жағдай қызметі өкілдерінен құрылған арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысының таулы аумақтарында орналасқан Кербұлақ және Кеген аудандарының полицейлері де жол қауіпсізідін сақтау қажеттілігі туралы бейнеүндеулерін жолдаған болатын.