Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында қар құрсауында қалған 11 адамды полицейлер мен төтенше жағдай қызметі құтқарды

Алматы облысында қар құрсауында қалған 11 адамды полицейлер мен төтенше жағдай қызметі құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

13 қаңтар күні түсте “Талдыкорган – Қапал” автожолының 59 шақырымында Көшкентал ауылының маңында қар құрсауында қалған төрт жеңіл автокөлікке көмек көрсетіліп, жолаушылар құтқарылды.

– Ауа-райының нашарлап, бұрқасын дауыл соққанына байланысты төтенше жағдай қызметімен бірлесіп, қауіпті жол учаскелерінде алдын алу шараларын ұйымдастырдық. Боранда қалу жағдайларын тексеру барысында жолда қалған төрт көлік анықталды. Көліктегі 11 адамға, оның ішінде төрт балаға көмек көрсетілді. Оларды жылытып, көліктерін қауіпсіз аумаққа шығаруға қол ұшын бердік. Жолаушылар жақын маңдағы Ақын Сара ауылына жеткізілді, – деді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов.

Алматы облысының аумағында ауа температурасы күрт төмендеп, боран соғуына байланысты жол жүру мүмкін болмағандықтан, республикалық және облыстық маңызы бар кейбір жолдар жабылды. Полицейлер жүргізушілердің жолға шықпауын ескертіп, дабыл қағуда. Облыстағы барлық жолдардағы қауіпті аумақтарда жол сақшылары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру