5 адамды тонаған күдіктінің қылмыстық әрекеттері әшкереленді
Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторының қырағылығының арқасында тұрғындарды тонаумен айналысып жүрген күдіктінің қылмыстық әрекеттері әшкереленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласының Полиция басқармасына базар маңында көліктен түсіп келе жатқанда белгісіз ер адамның сол қолында ұстап тұрған сөмкесін ашық түрде тартып алып, қашып кеткені туралы егде жастағы әйел шағымданған.
Жәбірленушінің сөмкесінің ішінде құжаттары және 350 000 теңгеден астам ақшасы болған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеді.
Арадан бірнеше күн өткенде полицейлерге тағы бір тұрғын тонау қылмысының құрбаны болғаны жөнінде шағым түсірген. Бұл жолы жәбірленуші базарда сауда жасаумен айналысатын жас келіншек болып шықты. Оның айтуынша, белгісіз тұлға оның иығында ілініп тұрған сөмкесін тартып алып, қашып кеткен және онда жәбірленушінің 200 000 теңгеге жуық ақшасы болған. Аталған жайтты бірден тіркеген полицейлер іздестіру шараларын күшейтті.
Тәртіп сақшылары тал түсте елді тонап жүрген ер адамды анықтауға, орын алған қылмысты ашуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Осы аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторлары да жедел-іздестіру шараларына жұмылдырылды. Куәгерлерден жауап алынды, жақын маңдағы аймақтар мұқият тексерілді. Бейнебақылау камералары қаралды.
Нәтижесінде күдікті түсіп қалған бейнежазба табылды. Бейнежазбадағы күдіктіні Түркістан қаласының ПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы Бағдат Дайрабаев танитын болып шықты.
Осыдан бір жыл бұрын Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан ауысып келген инспектор бейнежазбадағы тұрғынның бет-әлпетін бұрын ол сотты болғандықтан есте сақтап қалған.
Осылайша, учаскелік полицейдің байқампаздығы мен қырағылығының арқасында күдіктінің тұрғылықты мекенжайы дер кезінде анықталды. Жедел уәкілдер оны Жаңақорған ауданы ауылдарының бірінен ұстап, полицияға жеткізді.
Тергеу барысында күдіктінің Түркістан қаласының тұрғындарын тонаумен айналысып, Жаңақорғанға барып, өзгенің ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап жүргені, ал ақша таусылғаннан кейін қылмыстық жолмен ақша табу үшін Түркістанға келіп-кетіп жүргені анықталды. Ол осылайша Түркістан қаласында үш адамды, Кентау қаласында бір адамды және Қызылорда облысында бір адамды тонаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі үш миллион теңгеден асады.
Күдікті өз кінәсін толығымен мойындады. Бұрын сотты болған азамат қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.