8 бас сиырды қолды қылған ауыл тұрғыны ұсталды
Кентаулық полицейлер ауыл тұрғындарының 8 бас сиырын ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық ПБ кезекші бөліміне Иқан ауылының екі тұрғыны хабарласып, сағат 10-дар шамасында жайылымға жіберген сиырларының өрістен оралмағаны туралы айтқан.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлау) бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.
Жәбірленушілердің бірінің 5 бас сиыры жоғалса, екінші арызданушының 3 бас сиыры жоғалған. Жалпы келтірілген шығынның көлемі 1 миллион 600 мың теңгені құрайды.
Қарқынды іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде Кентау қаласына қарасты Ибата ауылының тұрғыны анықталды.
Тергеу барысында күдіктінің сегіз бас сиырды ауыл шетіндегі бұзылған қоралардың бірінде жасырып отырғаны, сондай-ақ бұл қылмысты екі сыбайласымен бірге жасағаны анықталды.
Сиырлар иелеріне қайтарылды. Қазіргі таңда күдіктінің қалған екі сыбайласы іздестірілуде.
Жоғалған сиырларын тауып берген учаскелік полицейлерге тұрғындар алғыстарын білдірді.
– Малымызды тауып берген учаскелік полицейлер Бақтияр мен Асылханға үлкен рахметімізді айтамыз. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз, – деді тұрғындар.