Түркістанның бас полицейі әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға үндеу жолдады
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға үндеу жолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында ауа райының күрт өзгеріп, құбылуына байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков өзінің «Facebook-тегі» жеке парақшасында оқыс оқиғалар мен жол апаттарының алдын алу мақсатында облыс тұрғындарына үндеу жолдады.
– Апта басталғалы табиғат тосын мінез байқатып, еліміздің бірқатар аймақтарын қар басты. Ұзақ жолға шыққан көліктер жолда қалып, әбігерге салынуда. Жылы өңір саналатын Түркістан облысына да қар түсіп, аязды күндер келді. Түркістан қаласында кеше түстен кейін қалың қар жауып, қою тұман түсті. Ал синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, 14-15 қаңтарда Түркістан облысында жел күшейіп, боран соғуы және көктайғақ болуы ықтимал. Мұндай уақытта жол апаттары да жиі болады. Сондықтан оқыс және жол көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмау, тосыннан қауіпке тап болған жол қозғалысы қатысушыларына дер кезінде көмек көрсету үшін облыс көлемінде бекітілген барлық патрульдік полицейлерге республикалық маңызға ие жолдарда тәуліктеп патрульдеуді тапсырдым. Осы орайда қалааралық жолдармен қатынап қызмет ететін қызметкерлерге, маңызды жұмыстармен ұзақ жолға шығатындарға қатаң түрде ескертемін, ауа райы дұрысталғанша ұзақ жолға шықпаңыздар. Қалың тұман салдарынан жол апаты орын алып, қайғылы оқиғаға душар болуларыңыз мүмкін. Ал егер жақын аймаққа баруға мәжбүр болып, қажеттілік туындаса ғана жолға ең керекті заттарыңызды алып, сенімді болғаннан соң ғана шығуға болады. Онда да аса қажеттілік туындаған кезде ғана тәуекелге баруға болады. Әйтпесе жылы үйде жақындарыңыздың жанында болғандарыңыз дұрыс. Карантин шектеулерін де естен шығармаңыздар. Бастысы аман-саулығымыз, – деді облыстың бас полицейі Қайрат Дәлбеков.
Айта кетейік, Қайрат Дәлбеков 2019 жылдың сәуірінен бері әлеуметтік желіде белсенділік танытып, аумақтық Департамент басшыларының ішінде алғашқылардың бірі болып жеке парақша ашып, тұрғындармен кері байланыс орнатты. Ол әрдайым желі қолданушыларынан түскен сауалдарға заң аясында жауап беріп, алғыстарын алып жүр. Облыстың бас полицейінің 7000 оқырманы бар.