Өткен жылы СҚО-да 40 шетелдік азамат елден шығарылды
2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері сот үкімімен 40 шетелдік азаматты елден шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО полицейлері шетелдік азаматтардың елімізде болу қағидаларына өзгерістер енгізілгені туралы хабарлайды. Өзгерістер Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуын және таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен енгізілді.
Жол жүру құжаттарының, тұрақты тұруға ықтиярхаттың, ҚР визаларының, ҚР уақытша болуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімдері өткен немесе өтіп бара жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың 2021 жылғы 5 маусымға дейін елден шығуына рұқсат етілді. Олар мемлекеттік шекарадан өткен кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Елде алдағы уақытта болуына заңды негіз болмаған жағдайда шетелдіктер азаматтығы бар немесе тұрақты тұратын елге кетуі тиіс. Елде болу мерзімдері өтіп кеткенімен, ары қарай қалуға заңды негіз болған жағдайда, уақытша тұруға немесе қажетті санаттағы визаға рұқсатты ресімдеу үшін көші-қон қызметіне жүгіну қажет.
Бұдан бөлек, отбасымен бірігу мақсатында елде болу құқығын ресімдейтін шетелдіктерге 2021 жылғы 5 маусымға дейін азаматтығы бар елден соттылығының бар-жоғы туралы анықтаманы ұсыну қажет емес.
ҚР аумағында 1 жылдан астам уақыт болған жұмысқа келгендер бастапқы еңбек патенттерін және елден шықпай уақытша болуға рұқсатты ресімдеу қажет.
– Аталған шаралар шетелдіктерге рұқсат ресімдеуді жеңілдетеді және карантиндік шектеулерге байланысты көші-қон заңнамасының талаптарын орындай алмаған шетелдіктерді әкімшілік жауапкершіліктен босатады. ҚР заңнамасын бұзуға жиі жол берген немесе карантиндік шаралар мен төтенше жағдай режимі жарияланбай тұрып, елде болу мерзімдерін бұзған шетелдіктер жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік материалдар елден шығару мәселесін шешу үшін сотқа жолданатын болады. Өткен жылы облыс бойынша 40 шетелдік елден шығарылды, 226-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы 2020 жылы СҚО-да 8 мыңнан астам шетелдік тіркелді, – деді СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
Сыртқы көші-қонға қатысты сұрақтар болған жағдайда СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасына 8 (715-2) 34-00-30, 34-00-50, 34-00-23 телефондары бойынша жүгінуге болады.