Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері ауыл тұрғынына қорадан ұрланған малын қайтарып берді

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері ауыл тұрғынына қорадан ұрланған малын қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тайынша ауданындағы ауылдардың бірінде қой ұстап отырған ауыл тұрғынының қорасынан малы ұрланған. Алғашқы шығын Жаңа жыл түні орын алған, қорасының есігін жабуды ұмытып кеткендіктен, екі қойы шығып кеткен шығар деп, иесі қойын іздеген. Қаңтардың 10-нан 11-не қараған түні қаскөй боранды пайдаланып, тағы екі қой ұрлаған. 15 қаңтардан 16-на қараған түні үшінші ұрлық жасалып, аналық қой және бір айлық қозы жоғалып кетеді. Бұл жолы иесі бөтен іздерді көріп, полицияға жүгінген. Шығын көлемі шамамен 200 мың теңгені құрады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тайынша ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілдері күдіктіні анықтады, бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестікте әр түрлі жұмыс істеп жүрген, сол ауылдың 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын ол жәбірленушіге барып жүрген, ауладағы жағдайды, атап айтқанда, ауласында иттің жоқ екенін жақсы білген. Оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Полицейлер көрші ауылға сатып жіберген малды аман-есен иесіне қайтарды.

– Өткен жылы ауданда мал ұрлығының алты фактісі тіркеліп, оның төртеуі ашылды, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов. – Мал ұрлығына жол бермеу үшін ауыл тұрғындары өз қора-қопсыларын техникалық жағынан нығайтулары керек. Ірі шаруа қожалықтарына малды чиптеуді ұсынамыз. Қылмыс орын алған жағдайда шұғыл полицияға хабарласқан жөн, себебі уақтылы жүгінудің арқасында қылмысты «ізін суытпай» ашу мүмкіндігі арттады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру