Полицейлер зейнеткерлерді қысқа мерзімде құжаттандырды
Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде қарттарымыздың құжаттарын қысқа мерзімде жасап беруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-нің полицейлері карантин кезінде 65 жастан асқан қарттарымыздың сыртқа шықпауын қолдап, ары-бері жүріп шаршатпау мақсатында Шұқырбұлақ ауылының тұрғыны 1932 жылы дүниеге келген әжейге көмек қолын созды. Түлкібастық полицейлер жеке куәлігінің мерзімі өткен ақ жаулықты ананың үйіне арнайы барып, қажетті құжаттарын жинақтап, фото-бейнеге түсірді. Осылайша Түлкібас ауданының тұрғыны Нұршайын Бердібековаға құжатын қайта жасап беруге көмек беріліп, дайын құжаты табысталды.
Өз кезегінде 90 жасқа таяған кейуананың куанышында шек болмады. Ол полиция қызметкерлеріне және оларды басқарып отырған басшыларына аналық алғысын жаудырды.
Ал, анасының құжатын жасап берген полицейлерге ұлы: – Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Әсіресе, Түлкібас ауданы полиция бөлімінің көші қон қызметі тобының аға инспекторы Нұрман Шыңғысбаевқа рақмет айтамыз! Үйімізге келіп, анамыз жеке куәлік алу үшін құжаттарды рәсімдеп, қысқа мерзім ішінде табыстағаны үшін!, – деп шынайы ризашылығын білдірді.
Жалпы, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінде құжаттанбаған немесе КСРО құжатымен қалып қойғандарға, егде жастағы жүріп-тұруы қиын қарияларға құжат рәсімдеу мақсатында көші-қон қызметкерлерінен арнайы мобильдік топтар құрылып, қарқынды жұмыс жүргізуде. Ең басты мақсат халықты сандалтпай, оларға қолайлы қызмет ұсыну болып табылады.